|
Төле би ауданы – Тәңір шапағатымен құт қонған, Қыдыр дарыған еліміздің қасиетті өлкесі. Жер дүниені топан су басқанда адамзат, жан-жануарлардың тіршілігін сақтап қалған Нұх пайғамбардың кемесі қайырылған қасиетті Қазығұрт тауы, жер кіндігі төрімізде.
Біздің ардақты ата-бабаларымыз терең тарихымыздың бір кезеңінде дәл осы жерде елдігіміздің туын тігіп, өзгелермен терезесін теңестірген. Біздер іргелі өркениетті ел боламыз десек, ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес асыл мұраларымызды, тарихи жәдігерлерімізді түгендеп, қастерлеп, сақтап, жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз.
Елбасамыз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік саласына басым бағыттар беріп, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты едәуір артты.
Казіргі кезде мемлекет тарапынан өнер мен мәдениетке, яғни, тілімізді, дінімізді, дәстүріміз бен тарихымызды дамытуға аса зор мән берілуде.
Қасиетті Төле би топырағы талай даналарды, дараларды, небір талант иелерін дүниеге келтірді. Тіпті, кешегі жаугершілік заманында бүкіл қазақ халқының бірлігі мен ынтымағына ұйытқы болған Төле би бабамызды, жыр дүлділі, дарабоз ақын Қазанғап Байболов атамызды мақтаныш етеміз. Беріректе тума талант, қылқалам шебері, Лондонда өткен әлемдік суретшілер додасында алтын медальді жеңіп алған Молдағали Қалдыбаев ағамыз тек ауданның емес, бүкіл қазақ халқының атын әлемге әйгіледі.
Төле би елін суретшілер отаны деп бекер айтпаса керек. Дарынды қылқалам шебері Тоқболат Тоғысбаевтың аты алты алашқа мәлім болса, Ерболат Төлепбай әлемдік деңгейдегі суретші. Таэквандо өнерінің тарланы, спорт пен сурет өнерін өрге сүйреген біртума талант иесі Бексейіт Түлкиевтің «Ұлы Көш» атты бірегей туындысы Елбасы резиденциясының көркіне айналған. Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушы да біздің даңқты жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Құрасбек Тыныбеков.
Елдің елдігін арттыратын да, атын әлемге танытатын да өнер иелері мен спортшылары. Таудың ерке қызы Алтынай Жорабаева өнер жұлдыздарының Голливудтағы әлемдік бәйгесінде екі алтын медальға ие болып, ұлтымыздың мерейін асырса, ауданымыздың түлектері Нұрлан Өнербаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Болат Бөкенов, Байғали Есеналиев, Мұратбек Қыпшақбаев, Нұрғали Танкеевтер ел мақтанышы. |